Президент Іс Басқармасының Медициналық орталығының ауруханалары тұмауға қарсы вакцина салуды бастады

Вирусологтар биыл маусымдық тұмау көп таралады деген болжам жасап отыр. Ал вирустан қорғанудың ең тиімді әрі қауіпсіз жолы – вакцина салдыру.

Әдетте, вирус қоңыр күзде, қыста және ерте көктемде күшейеді. Сондықтан екпені күз мезгілінде – суық түсерден 3-4 апта бұрын алған жөн.

«COVID-19 бен тұмауға қарсы вакциналарды қатар салуға қатысты қолда бар деректер бойынша, оның жағымсыз әсері анықталған жоқ. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы екі вакцинаны бірге салуға рұқсат беріп отыр. Тұмау мен COVID-19 егде тартқан адамдар үшін ауыр тиюі мүмкін» – деп хабарлады Президенттің Іс Басқармасы Медициналық орталығының Бас санитарлық дәрігері Айгүл Темірғалиева.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымы бойынша, биылғы эпидемиялық маусымда ҚР Президентінің Іс Басқармасының Алматы мен елордадағы ауруханаларында  ГРИППОЛ+ вакцинациясы салынып жатыр. Әр дозада А типті (H1N1, H3N2) және В типті антиген штамдары бар.

7 қыркүйектен бері 100-ге тарта адам екпе алды.

Асқынған тұмау балаларға, созылмалы ауруы бар егде жастағы адамдарға және жүкті әйелдерге қауіпті екенін ескерген жөн. Болашақ аналар жүктілікке дейін, не болмаса жүктіліктің екінші-үшінші триместрінде вакцина алуы керек. Мамандар сондай-ақ жұмыс барысында адамдармен тікелей қарым-қатынас жасайтындар вакцинацияға ерекше мән бергені дұрыс деп санайды.

Материалды әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: