Қаріп көлемі: A A A
Сайттың түсі: A A
Қаріп түрі:

inbusiness.kz: Қатерлі ісікті ерте анықтау: Технология болғанымен тексеру неге аз

2021-08-02 Қазақстанда адам ағзасынан ісіктің 2 миллиметрлік түріне дейін табуға қауқарлы Позитронды-эмиссионды және компьютерлік томография орталығы жұмыс істейді. Осындай озық технологиямыз бар дегенімізбен, елде қатерлі ісікпен күресте прогрес байқалмай тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы.
 Елде жылына 30 мыңға жуық адамнан қатерлі ісік анықталады
Онкологиялық аурулардың түрлері – әлем деңгейінде өлім-жітімнің басты себептерінің бірі. Қазақстан үшін де бұл проблема аса өзекті. Елде осы аурудың түрлерімен күресу үшін 2018-2022 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар қабылданған. Ол жоспар аурулардың алдын алу мен қауіп факторларын басқару жөніндегі іс-шараларды, халықтың мақсатты тобының 70 пайызына дейінгі бөлігіне онкологиялық скринингті тексерулерді өткізуді, тиісті жабдықтаумен диагностикалық зерттеулердің қолжетімділігін жақсартуды көздейді. Осы жоспарға сәйкес, аурудың алдын алу, онкологиялық орталықтарды салу, жабдықтау, кадрларды қайта даярлау, ем-домның жетекші түрлерін енгізу жұмыстары жасалып-ақ жатыр. Мәселен, соңғы үлгідегі диагностикалық құрылғымен жабдықталған Позитронды-эмиссионды және компьютерлік томография орталығының жұмыс істегеніне 2 жыл болған. Ол тіпті 2 миллиметрлік ісікті тауып, метастазалардан хабар беретін органдарды табуға көмектеседі. Яғни осы әдістің арқасында пациентке нақты диагностика қойылып, шұғыл әрі тиімді емдеудің жолын қарастыруға болады. Осы амалдың арқасында адамды сауықтырып, өмірін құтқарып қалуға мүмкіндік бар. 
Елде осындай технологиялар бар десек те, жалпы жағдайдың жақсаратын түрі жоқ. Нақтырақ айтқанда, тіпті ахуалдың нашарлап бара жатқаны байқалады. Жығылғанға жұдырық болғандай, 2020 жылы әлемді дүр сілкіндірген коронавирус инфекциясына байланысты елде карантин шаралары енгізіліп, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарындағы жоспарлы тексеру жұмыстары екінші орынға ысырылып қалды. Өмірді сақтап қалуға аса қажетті дәрі-дәрмек тасымалы шектеліп, аталған салада жағдай тіпті ушығып кетті. 
Бүгін де онкология бөлімшелерінде есепте тұрған қазақстандықтардың саны – 187 мың адам екен. Жыл сайын шамамен 30 мың адам онкологиялық ауруларға шалдығады. Бұл көрсеткіш осы аурулармен күресте прогрестің жоқтығын, алдағы уақытта тындырар істің әлі де мол екенін көрсетеді. Сарапшылардың пайымдауынша, онкологиялық көмекті ұйымдастыру бағытында жүзеге асырылған іс-шараларға қарамастан, бұл бағытта бірнеше өзекті проблема бар. Ең бірінші кезекте, қатерлі өспелерді алғашқы сатысында диагностикалау, анықтау көрсеткіші әлі де аз. Қазақстандағы бұл көрсеткіш – ЭЫДҰ елдерінің көрсеткішінен үш есе төмен. Халықты скрининг бағдарламаларымен қамту көрсеткіші де көңіл көншітпейді. Халықтың мақсатты тобын скринингтен өткізу көрсеткіші республикада 50% шамасында. Ал ДДСҰ ұсынымдары бойынша бұл көрсеткіш кем дегенде 70% болуы керек.
 Үкіметке үш сұрақ 
Осы өзекті мәселелердің сұрауын каникулға кетпей тұрып, ассамблея атынан сайланған Мәжіліс депутаттары да Үкіметке жолдап көрген болатын. Депутаттар атап өткендей, қазақстандықтардың көбі диагностика мен инновациялық ем-домның, оның ішінде күн сәулелі терапияның жоғары технологиялы әдістерінің игілігін көруге мүмкіндігі жоқ. Осы проблемалардың салдарынан қатерлі өспе анықталған науқастардың өмір сүріп кету жағынан бес жылдық көрсеткішіне қол жеткізілмеген. Бұл индикатор онкологиялық көмек көрсетудің тиімділігінің негізгі көрсеткіші саналады. Халық тарапынан түсетін шағымдар, арыздар, сонымен қатар онкологиялық аурулар бойынша статистика оптимизмнен мүлде хабар бермейді. Сонымен қатар ерте диагностика мен онкологиялық ауруларды емдеу мәселелері бойынша тар ауқымдағы мамандардың тапшылығы Қазақстанның барлық өңірінде байқалады. 
«Бұл мәселе бізді алаңдатып отыр. Осыған байланысты Үкіметке мына сұрақтарға жауап беруді сұраймыз: жергілікті жерлерді кадрлармен қамтамасыз ету көрсеткіші қандай деңгейде? Кешенді жоспарда көрсетілгендей, Нұр-Сұлтан, Семей, Шымкент қалалары мен Ақтөбе облысында қосымша ПЭТ-орталықтарын пайдалануға беру мәселесі қалай шешіліп жатыр? Онкологиялық ауруы бар деген күдікпен түсетін пациенттерге клиникодиагностикалық қызметтердің қолжетімділігін арттыру жағынан қандай шаралар қабылданып жатыр?», – деген депутаттар. 
Ісікті ерте анықтаған дәрігер қолдауға ие болмақ 
Депутаттардың бұл сұрағына Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов жауап беріпті. Оның айтуынша, онкологиялық ауруларды диагностикалау мақсатында скринингті зерттеу жұмыстары жүргізіледі. 2021 жылдың бес айының қорытындысы бойынша жатыр мойыны ісігі бойынша жоспарланған адамдардың 44%, сүт безі ісігі бойынша 40%, колоректальды ісік бойынша 40% скринингті тексеруден өткен. 
«Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде онкологиялық ауруы бар деген күдікке ілінген пациенттерге компьютерлік томография мен магнитті-резонансты томография жүргізіледі. 2021 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша осы әдіспен 22 681 адам (КТ - 13 008, МРТ -  9 673) тексеруден өткен. Осы іс-шаралардың арқасында елде ісікті ертерек анықтау ісін арттыруға көмектесіп, онкологиялық ауруларды 0 – I сатысында анықтау көрсеткіші 2020 жылғыдан қарағанда 2,7% өскен. Сонымен қатар кешенді жоспарға сәйкес, онкопатологияны ерте сатыда анықтаған профильді мамандарға жігерлендіру компоненттері (көтермелеу) қарастырылған», – дейді Тоғжанов. 
Депутаттардың Нұр-Сұлтан, Семей, Шымкент қалалары мен Ақтөбе облысында қосымша ПЭТ-орталықтарын пайдалануға беру туралы сауалына Ералы Тоғжанов былай жауап берген. 
«2019 жылы Алматы қаласында ПЭТ-орталық пайдалануға берілді. 2021 жылы Семейдегі ядролық медицина және онкология орталығының базасында тағы бір ПЭТ-орталық іске қосылады. Ал Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Ақтөбе облысында ПЭТ-орталықтарды пайдалануға беру 2022 жылға жоспарланған. Сонымен бірге 2022 жылы ҚР Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығының жанынан ПЭТ зерттеу жүргізуге қажетті радиофармпрепараттарды шығаратын циклотронды-өндірістік кешен іске қосылады». 
Нұр-Сұлтан қаласында қатерлі ісіктерді ерте диагностикалау және емдеу бойынша жоғары білікті, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету үшін ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысы да жүргізіліп жатыр. Онда ядролық және Протонды медицина, сәулелік және функционалдық терапия орталықтары іске қосылады. Сондай-ақ, 2021 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша елде онколог-дәрігерлердің жетіспеушілігі 97 маманды (9%) құрайды. Денсаулық сақтау министрлігі аталмыш мәселені реттеу үшін кадрларды қайта даярлау және жас мамандарды осы салаға тарту жұмысын атқаруда. Нақтырақ айтқанда, резидентурада 2021-2022 оқу жылында 12 маман, ал 2023 жылға қарай 70 маман оқып шығады.  
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дәрігерлердің жалақысын кезең-кезеңмен көтеру, оның 2023 жылға қарай экономикадағы орташа жалақыға қатынасын 2,5 есеге дейін жеткізу көзделген. Осыған байланысты медициналық қызметтер көрсетуге арналған тарифтер ұлғайды, тиісінше дәрігерлердің жалақысы жыл сайын орта есеппен 30%-ға артады. Жалпы дәрігерлердің жалақысын 246 мың теңгеден (2020 жыл) 561 мың теңгеге дейін (2023 жыл) арттыру жоспарлануда. Медицина кадрларының тапшылығын төмендетудің 2021-2025 жылдарға арналған Жол картасы 3 негізгі бағыт бойынша бекітілді (медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру, оқыту және әлеуетін арттыру, кадр ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру)», – дейді Ералы Тоғжанов. 
Қазақ танымында үш нәрсенің алдын алу туралы ұғым бар. Оның бірі жау, екіншісі дау болса, үшіншісі – ауру. Аурудың алдын алу үшін шамасы жеткен адам компьютерлік томографияға түсіп, ісік атаулыдан ерте сатыда емделуіне мүмкіндігі бар. Күнделікті күйбең тіршілікте көптің бұған мән бере қоймайтынын тағы жоққа шығара алмаймыз. Әйтсе де, статистика бәрін де ойландыруы тиіс. 
Аян Бекенұлы

https://inbusiness.kz/kz/news/katerli-isikti-erte-anyktau-tehnologiya-bolganymen-tekseru-nege-az 

Тізімге оралу