Қаріп көлемі: A A A
Сайттың түсі: A A
Қаріп түрі:

Аlmaty.tv: Алматының орталық клиникалық ауруханасында бұрын-соңды болмаған бірегей ота жасалды

2020-01-31

Тері мен сүйекті зақымдамай жасалатын мұндай оталар арнайы электронды аппараттың көмегімен іске асады. Құрылғылар елімізге алғаш рет Италия мен Германия елінен алынды. Мұндағы алғашқы отаны шетелдік профессор-хирургтар жасап, отандық дәрігерлерге шеберлік дәрісін өткізді. Алдағы уақытта, біздегі білікті мамандар да шет елге барып арнайы оқып, еліміздегі науқастарға отаны өздері жасайтын болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгін Алматыда алғаш рет омыртқа жотасы мен жұлын жүйесі ауруларына эндоскопиялық операция жасалды. Оның әдеттегі отадан ерекшелігі науқастың денесін кеспей 7-8 миллиметрлік тілік жасап қана, сол арқылы эндоскоптың түтігімен ота жасалады. Бұрын науқас мұндай күрделі отадан кейін 1 апта ауруханада жатып, дәрігердің ерекше бақылауында болатын. Ал қазір 2 сағаттан кейін аяққа тұрып кетеді екен. Мұндай аппарат әзірге Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында бар. Бұл эндоскоппен мойыннан омыртқаның барлық бөлігіне дейін ота жасауға мүмкіндік береді.

«Бүгін бізде омыртқа эндоскопиясы бойынша шеберлік кластар өтіп жатыр. Бұл шеберлік класқа біз Германияда, Турцияда жұмыс істеген Гювен профессорды шақырған болатынбыз. Сонымен қатар, біздің әріптесіміз Иван Викторович Санк-Петербург қаласынан келді. Бүгінге біз 3 науқас, ертеңге 2 науқасты дайындадық. Басқа операциямен салыстырғанда бұл операцияның бағасы қымбат емес», - деді Қалалық клиникалық нейрохирургия орталығының меңгерушісі Мыңжылқы БЕРДІҚОЖАЕВ.

Бұл – қатерлі ісікке жасалып жатқан ота. Хайпек деп аталатын құрылғы арнайы Италиядан сатып алынған. Осы құрылғымен жасалған операциядан кейін науқастың өмірін 5 жылға дейін ұзартуға болады дейді мамандар. Кей жандардың организіміне қарай құлан таза айығып кететіндер де бар екен. Бірақ ондай деректер сирек.

Мұндай оталар дәл қазір ақылы жүргізіліп жатыр. Бірақ науқастардың тегін де емделуіне болады. Ол үшін арнайы квоталық кезекке тұру қажет.

«Бұл әдістің қолданылып жатқанына 40 жыл болған. 20 жылдай эксперемент ретінде жүргізілген. Нақты дүниежүзінде 2006 жылдан бері жүргізілген. Әлемнің барлық мемлекетінде жүргізіліп жатыр. Нәтижесі жаман емес. Сондықтан осы жүйені өзімізге де енгізуді көздеп отырмыз», - деді Қалалық клиникалық онкохирургия орталығының дәрігері Ержан КЕҢЕСБАЕВ.

Науқастың жарасын мен дәрігердің жұмысын жеңілдететін мұндай құрылғылар алдағы уақытта Қазақстанның басқа да қалаларына орналастырылады. Нәтижесінде, жанына дауа іздегендер шет мемлекетке сабылмай, Қазақстаннан да арзан әрі тиімді ем алмақ. 

Ұлағат Арғынұлы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы.


Тізімге оралу