Автошаруашылық ұжымын 25 жылдық мерейтойымен құттықтады

Бүгін Іс Басқармасына қарасты «Автошаруашылық» мекемесінің құрылғанына 25 жыл толды. Атаулы күнге орай ПІБ Іс Басқарушысы Айбек Дәдебаев өзінің телеграм арнасы арқылы ұжым мүшелерін құттықтады.

А.Дәдебаев «Автошаруашылық» РМК ширек ғасырдан бері еліміздегі тарихи маңызы бар талай іс-шараны өткізуге атсалысып келе жатқанын, бұл жерде жұмыс істеу темір тәртіп пен үлкен жауапкершілікті талап ететінін атап өтті.

– Сіздер жиырма бес жылда ел ішіндегі және халықаралық ауқымдағы жүздеген іс-шараның ойдағыдай өтуіне үлес қосып, мыңдаған делегацияға қызмет көрсеттіңіздер. Шетелдік мәртебелі меймандардың ел туралы алғашқы әсері күтіп алған автокөлікке, жүргізушінің мәдениеті мен шеберлігіне байланысты қалыптасатыны белгілі. Автошаруашылық ұжымы үнемі күткен үдеден көрініп келеді, – делінген құттықтауда.

А.Дәдебаев адал да сапалы еңбегі үшін мекеме ұжымына ризашылығын жеткізіп, болашақта жаңа белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді.

Күн сайын 300-ге жуық машина жолға шығатын «президенттік гаражда» жүргізуші, механик, техник, диспетчер сынды 490 адам еңбек ететінін айта кетейік. Мұнда мекеме құрылғаннан бері тапжылмай тер төгіп жүрген ардагер мамандар да бар. Ұжым мүшелерінің орташа еңбек өтілі 10 жылдан асады.

Материалды әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: